3.3 Өндірістік және жылу техникалық кешендерде электр энергиясын пайдалану

 

Жылу техникалық үрдіс (жылутехнология) дегеніміз – бастапқы материалға жылу беру нәтижесінде белгілі бір тауарлы өнім алатын технологиялық үрдіс. Өнеркәсіпте бұл жетекші салалардың бірі [13].

Жылу техникалық қондырғы – жылу техникалық үрдіс жүретін бірегей құрылымды күрделі құрал.

Жылу техникалық жүйе – жылу техникалық үрдіс жүрісін қамтамасыз ететін, жылу-техникалық қондырғы мен оның технологиялық, жылутехникалық, энергетикалық, көліктік, реттеуші және т.б. жұмыстарын атқаратын қосалқы бөлшектер жиынтығы.

Жылу техникалық кешен – жылу техникалық жүйелер және олармен өндірістік байланысы бар технологиялық, жылутехникалық, энергетикалық, көліктік, реттеуші және т.б. жұмыстарын атқаратын қондырғылардың бірлескен үйлесімді жиынтығы.

Өнеркәсіптік жылу техникалық кешен – халық шаруашылығы негізгі өндірістерінің (шойын, болат, түсті металдар, жылытқыш материалдар, химия мен мұнай химиясы, целлюлоза-қағаз, жеңіл тамақ және т.б.) техникалық базасы болатын, жекеленген жылу техникалық кешендер жиынтығы.

Өнеркәсіптік жылу техникалық кешен құрамына келесілер кіреді:

- жоғары температуралы жылу техникалық жүйелер мен кешендер, олардың негізгі технологиялық тізбектік бөлшектеріне өнеркәсіптік отын пештері, реакторлар, электр пештері жатады;

- қалыпты температуралы жылу технологиялық жүйелер мен кешендер, олардың негізгі технологиялық құралдарына жылу мен ылғалды реттейтін қондырғылар құрғатқыш, булатқыш және т.б.

Үйлестірілген технологиялық жүйе – жоғары экономикалық тиімді, бір - бірімен үйлесімді энергетикалық және жылу технологиялық жүйелердің байланысы.

Үйлестірілген технологиялық қондырғы – жекеленген жылу технологиялық жүйенің құрылымдық байланысын қамтамасыз ететін, көп мақсатты қондырғы.

Үйлестірілген энергия технологиялық қондырғы – энергетикалық, жылу технологиялық жүйелердің құрылымдық байланысын қамтамасыз ететін, көп мақсатты қондырғы.

Жұмыс кеңістік камерасы – жоғары температуралық жылу-технологиялық қондырғының негізгі бөлігі, онда бастапқы шикізаттардың керекті технологиялық жылулық өңделуі (жануы) жүреді.

Технологиялық үрдіс ұйымдасуының жылу техникалық принципі – қондырғының жұмыс кеңістік камерасында бастапқы шикізаттардың термикалық өңделуін қамтамасыз ететін (аэродинамикалық, механикалық және т.б.) ерекшеліктер жиынтығы.

Технологиялық қондырғының жылулық сүлбесі – энергия көздері мен олардың орналасуын, жылу тасымалдауыштардың құрамы мен түзілуін сипаттайтын графикалық сызбалар. Олар энергия көздерінің тиімді қолдануын көрсетеді.

Технологиялық қондырғы сүлбесі – технологиялық үрдістер ұйымдасуының жылу техникалық принципін, қалдықтар қолдануын сипаттайтын жылулық схема.

Жылу технологиялық үрдіс сатысы - жүргізілуі арнайы жағдайларды талап ететін, яғни бір сатыдан екінші сатыға ауысқанда жұмыс кеңістік камерасында температуралық тәртіп, газдың құрамы, энергия көзі және т.б. өзгерістер болатын технологиялық үрдістің бір бөлігі [14].

Технологиялық үрдістің температуралық және жылулық графигі - жұмыс кеңістік камерасында өңделетін материалдар температурасының уақыт бойынша өзгерісін көрсететін графиктер.

Жылутехнология энергетикасы - (жылутехнологиялық үрдіс энергетикасы) - өнеркәсіптік энергетиканың маңызды саласының бірі. Оның қазіргі кездегі ғылыми зерттеу, жаңа технология енгізу мақсаты:

1) энергияның тиімді және жаңа көздерін табу;

2) жылу жинайтын жоғары тиімді қондырғыларды іске қосу;

3) алдыңғы қатарлы жылу техникалық принциптерді іске асыру, ұйымдастыру;

4) экономикалық тиімді жылулық сүлбелерді ойластыру;

5) қалдықсыз технологияға бейімделген жаңа технологиялық, энергетикалық кешендер схемаларын құрастыру;

6) энергетикалық қалдықтарды азайып, энергетикалық шикізаттарды қайта қолданатын жолдарды іске асыру;

7) жылутехнологиялық қондырғылар мен жүйелердің, үйлесімді пішіндері мен жұмыс тәртіптерін таңдау;

8) жылутехнологиялық қондырғылар мен жүйелердің одан әрі жаңғырту, жаңарту шараларын негіздеу.